Семейдегі Абай атындағы мемлекеттік қазақ музыкалық драма театры бүкіл қазақ театры өнерінің қарашаңырағы болып саналады. Оған дәлел, 1917 жылы Мұхтар Әуезовтың басшылығымен «Ойқұдық» жайлауында қойылған «Еңлік-Кебек» пьесасы қазақ еліндегі жаңа өнердің тұсаукесері болды. Бұл тарихи айғақталып, кезінде толық құпталған айтулы оқиға. Сол Ойқұдықта маздаған шоқ бүгін егеменді елдің өркендеген өнеріне айналып, ұрпақ тәрбиесіне атсалысып келеді. 1920 жылдары құрамына әйгілі Әміре, Иса, Жұмат, Қалибек сынды майталман өнер иелерін топтастырған «Ес-Аймақ» театры, тек 1934 жылы ғана ресми түрде бекітілді. Ұлттық мәдениетімізді ұлықтап, аянбай еңбек еткен театрға 1945 жылы 15 тамыз күні ақын, ойшыл, философ, ағартушы Ұлы Абай Құнанбайұлының есімі берілді.
Әрісі 104, берісі 87 жыл халыққа өнер көрсетіп, өнер тілі арқылы адамгершілік және эстетикалық тәрбие беріп келе жатқан театр, үлкен өнер -өмір, өмір - өнер жолынан өтті. Театр 85 жыл ішінде 400-ден астам спектакль қойып, жалпы саны 90 миллионға тарта көрермендерді қамтып, халыққа тәрбие беруде зор роль атқарды. 1934 жылы Ілияс Жансүгіровтың «Кек» пьесасымен шымылдығын ашқан театр, ондаған алыс-жақын шетел классиктерімен қатар, әлемдік драматургия дәрежесіндегі М.Әуезовтың, Ғ.Мүсіреповтың, Б.Майлиннің, Ғ.Мұстафиннің, Р.Ғамзатовтың, Ш.Айтматовтың шығармаларын сахнаға шығарды. «Еңлік – Кебек», «Қаракөз», «Қозы-Көрпеш – Баян-сұлу», «Айман – Шолпан», «Бөлтірік бөрік астында» пьесалары театр репертуарының алтын қорына айналды. Осы жылдар ішінде театр қабырғасынан өнерге қанаттанған артистер бүкіл республика көлеміндегі барлық дерлік театрларда жемісті еңбек етті, әлі де еңбек етіп келеді.
Өнер ордасының, аға буын актерлер мен режиссерлардың озық дәстүрлерін бүгінде талантты артистер одан әрі жалғастыруда. Театрда екі Қазақстанның халық артисі бірі кеше өмірден өткен Күләш Сәкиева болса, бірі қазіргі таңда театрымыздың аға буын актері Бекен Имаханов; 14 Мәдениет қайраткері, барлығы 70-тен астам адам еңбек етіп келеді. Симфония оркестрі және балет артистері тобы бар. Театр классикалық шығармаларды музыкамен көркемдеп, балетпен ұштастыруға зор еңбек сіңіруде.
Театр 2002 жылы Каирде өткен Халықаралық театр фестивалінде «Боранды бекет» спектаклімен лауреат атанды.
2014 жылы Павлодар қаласында өткен Ж.Аймауытовтың 125 жылдығына арналған «Алаштың ардақтысы» атты Қазақстан аймақтық театрлары фестивалінде «Әдебиетті насихаттағаны үшін» номинациясы бойынша дипломмен марапатталды.
Жамбыл қаласында өткен «Тұңғышбай әл-Тарази, Таразға шақырады» атты актерлерге арналған І Республикалық театр фестиваліне қатысқаны үшін театр «Алғыс хатпен» марапатталды.
2015 жылы Өскемен қаласында өткен Халықаралық театр фестиваліне А.Тілеуханның «Керей хан - хан Жәнібек» спектаклімен қатысып бас жүлде жеңіп алды.
2016 жылы Атырау қаласында өткен Р. Отарбай атындағы театр фестивалінен жүлделі үшінші орынды иеленді. «Көрермен көзайымы» номинациясын Ә. Баирова иеленді.
2016 жылы Орал қаласында өткен Иран-Ғайып атындағы театр фестифалінен, Б. Тулеков «Үздік ер адам бейнесін» Б. Тоймбаева « Үздік әйел бейнесін» иеленді.
2017 жылы Атырау қаласы, драматург Иран-Ғайыптың «Мәңгілік елдің алтын адамы» атты Республикалық Театрлар фестивалінде жоғары дәрежелі өнер көрсеткені үшін деген дипломмен «Адасқан бақ құсы» қойылымы марапатталды. Және «Керікеткен-Патша-Әмірші» образын жоғары деңгейде сомдағаны үшін Бауыржан Тулеков марапатталды.
Астана қаласында өткен «ЭКСПО-2017» Халықаралық көрмесіне театр ұжымы ат салысып, қазақ өнерін әлемге таныта білді. Қазақ елінің батырларын, ұлы ақын-жазушыларын сомдап, салт-дәстүрімізді көрсетті.
2018 жылы Қазақстан Театрлар ассоциациясының ұйымдастыруымен «Сахнагер-2018» ұлттық театр сыйлығында театр артисі Бекен Имаханов және Күләш Сәкиева «Сахналық ғұмыр», ал Ризабекова Ақерке «Үміт» номинациясын иеленді. Сонымен қатар, Абай театры Монғолия мемлекеті Баян-Өлгий еліне Ә.Ақтайдың «Ахметтің аманаты» және М.Сәрсекенің «Заңды неке» спектакльдерімен гастрольдік іссапармен барып қайтты.
2019жылы театр ұжымы екі бірдей фестивальде өнер көрсетті. Бірі Семей қаласы Ә.Өмірзақова атындағы Республикалық театрлар фестивалінде «Ахметтің аманаты» спектаклімен «Тарихи тақырыпты игерудегі ізденістері үшін» номинациясымен, бірі Жезқазған қаласы Ж.Хаджиев атындағы Халықаралық театрлар фестивалінде «Адасқан бақ құсы» спектаклі арнайы дипломмен марапатталды.
2019 жылы Қазақстан Театрлар ассоциациясының ұйымдастыруымен «Сахнагер-2019» ұлттық театр сыйлығында театр артисі Асел Асылбекова «Үміт» номинациясын иеленді.
2020 жылы Ұлы ақын, ойшыл Абай Құнанбайұлының 175 жылдығына арнап «Жас Абай» (авт.Т.Ибрагимов) және «Бес нәрсе...» (авт.А.Құнанбаев) спектакльдері сахналанды.
071405, Қазақстан, Абай облысы, Семей қаласы, Абай алаңы
Телефондар: 8 (7222) 56-34-68, 56-33-39, 56-16-33
Факс: 8 (7222) 56-32-14