Театр тарихына көз жүгіртсек, сахналық әрекетті, астары терең тартысты «Жар-жар», ішкі көңіл күйін әнге қосып жырлайтын «Сыңсу», мадақ пен сыны қатар өрбіп отыратын «Беташар», психологиялық толғанысы мол, ой қақтығысы ұшқыр келіп, сөз ырғағымен нысананы дөп көздейтін «Айтыс», жыл мезгілдеріне байланысты ойын-сауықтарда арна тартқан өркенді өнер түрінің ел ішіндегі ғұрып-салт театры аталып отырған мәдении ошақтарда шыңдала келіп, жаңа үрдісті, игі бастамаға ұйтқы бола бергенін байқаймыз. Жаңалыққа құмар жас өмір сияқты зор талаппен алға ұмтылған өнерлі жастардың сол алғашқы аяқ алысының өзінде-ақ қаламызға жиі-жиі келіп өз өнерін көрсететін татар, орыс көшпелі театрларына еліктегенін, айырықша ынтамен үйрене жүріп өскендігі жөнінде естелік-жазбалар бар.
Шағын спектакльдер мен музыкалы кештер келе-келе әлеуметтік сипат алып, халыққа эстетикалық нәр берген. Сондай халық көңілінен шыққан айшықты кеш Абайдың дүниеден өткеніне 10 жыл толуына орай Нұрғали, Нәзипа Құлжановтар ұйтқы болып ұйымдастырған шара еді. Бұл оқиға ұлы Абайдың ұлы мұрасын халқымен қауыштыруға арналған игілікті іс болып, тарих бетіне жазылды. Қаламызда 1915 жылы өркендеп келе жатқан өнерді «Біржан мен Сара» айтысы төңірегіне тоғыстыра, сахналық көріністері мол бағдарламамен өткізілген ойын-сауық, әр кезде орайына қарай ұйымдастырылатын ақындар айтысы, өлең-жыр, ән мен күй кештері жас бастамашылардың зор талпыныстары туғызған жаңа қойылымдар, 1917 жылы қыр жайлауы «Ойқұдықта» дала театры болып шымылдығын ашқан, «Еңлік-Кебек» пьесасын қойып, жаңа өмірге, мәдени жаңалыққа жаршы болған игіліктер заман ағысымен бағытын түзей бастаған сахналық өнердің алғашқы қарлығаштары еді.
1920 жылы Семей губерниясының саяси-ағарту бөлімі алғашқы ағарту қоғамын құрды. Ұлы Мұхтар Әуезовтың жетекшілігімен дүниеге келген «Ес-Аймақ» аталатын бұл қоғам халыққа қызмет етіп, санаға өнер жарығымен сырлы сәуле құя білді. Қоғамның мәдени-ағарту, үгіт-насихат жұмыстарын жүргізетін іс-шараларына Уәли Тұрлыбеков, Құсайын Әубәкіров, Омар Бейсенбаев, Ахмет Әуезов, Жүніс Сәлменов, Әбіл Бейсенбаев, Кенжебек Құлғарин сияқты қызметкерлер, Ғалиақпар Төребаев, Латып Әшекеев, Фатиха Әшекеева, Кәбір Махмудов, Өжен Махмудова, Гүлбаһрам Тәуекелова, Сәруар Арықова, Сейітқазы Тоқымбаев, тағы басқалар тартылады. Әйгілі әншілер Жүсіпбек Елебеков, Әміре Қашаубаев, Әлмағамбет Қапсәләмов, тұңғыш режиссер Жұмат Шаниндер өнерге өзегін тосқан өнерпаздармен бірге өнерлі орданың іргетасын қалай бастайды.
1922-1925 жылдар аралығында Семейде Жұмат Шаниннің режиссерлігімен «Арқалық батыр», «Айлалы шал», «Торсықбай қу», «Сәкен Сейфулиннің «Бақыт жолында», «Қызыл сұңқарлар», «Мұхтар Әуезовтың «Еңлік-Кебек», «Ел ағасы», «Бәйбіше - тоқал» татарлардың «Ғалиябану» пьесалары сахналанып «Ес-Аймақ» өзінің жас таланттармен толығып, зор талаппен алған ұмтылып келе жатқан, баршама материалдық базасы да бар театр ұжымы екенін толық дәлелдеп береді.
Көркем үйірмелер мен ағарту қоғамдарының аз уақыт ішінде кәсіби бағыт ала бастауына Семей қаласында 1920 жылы ашылса да, негізі сонау 1860 жылдардан басталатын орыс театрының ықпалы зор болды. Үйірмелерге, труппа дайындығына қатысушылар декорация жасау, грим, парик, бутафор сияқты сахна компоненттерін осы орыс театрынан көріп, өз қолдарымен жасауды үйренеді.
Сол заманғы спектакльдер туралы мақалалар жазып отырған А.Иванов «... 1922 жылы «Ес-Аймақ» мемлекеттік бюджетке алынып, Семей губерниялық драма труппасы құрылды. ....Қазақ спектакльдерінің сахналық мәдениеті артып, труппа мүшелері профессионалдық дәрежеге көтеріле берді...» деп тарихи құнды дерек қалдырған. Алайда труппаның өзінің жеке баспанасы болмай, спектакльдерге дайындық жеке үйлерде, кітапханаларда, мектептерде өткізілетін болған. 1923 жылы Семей губерниялық партия комитетінің шешімімен бұрынғы халық өнері үйі жөндеуден өтіп, ол қазақ, татар мәдени ағарту үйіне айналады. Осы кезеңде труппаға Әлкей Марғұлан, Сейфолла Мұхамеджанов, Шәкен Айманов сынды өнерге өзек тосқан талапты жастар келіп қосылады.
1925 жылы «Ес-Аймақ» Семейдегі ұстаздар даярлайтын техникум қарамағына көшеді. Дәл осы жылы Қазақтың тұңғыш академиялық театрын ұйымдастыруға байланысты труппаның белді актерлері; Ғалиақпар Төребаев, Әміре Қашаубаев, Иса Байзақов, Жұмат Шанин Орынбор қаласына шақырылған болатын. Қазақ даласындағы өнердің рухани ордасы – Семейден ондаған спектакльдерді жарыққа шығарып, әбден шыңдалған өнерпаздарды астанаға шақыру заңды құбылыс еді. Қазақстанның тұңғыш театры 1926 жылы ашылып, алғаш қойған пьесасы «Еңлік-Кебек» болуы ойымызды толық дәлелдей түссе керек. Семей актерлері бұл пьесаны әлденеше рет ойнап, әбден кемеліне келтірген болатын. Кезінде «Ес-Аймақтан» басталған кәсіби театр өнерінің республика театрының құрылуына өлшеусіз үлес қосуы сол алғашқы өнер ұясының бүгінгі заңды мұрагері Семейдің Абай атындағы музыкалы-драма театры үшін зор мақтаныш болып қала береді.
Орынборға бармай қалған Ғ.Төребаев жетекшілігімен «Ес-Аймақ» труппасы игілік қадамдарымен алға баса берді. Талапты жастардың ынта-жігерімен, ұлағатты ұстаздардың тілегімен туған жас өнер қанатын қатайтып, шарықтай берді. Осы орайда театрдың тәй-тәй басқан алғашқы адымынан басталған өсу жолына қамқорлығын аямаған, үнемі бағыт-бағдарын айқындап беріп, ақыл-кеңесімен, турашыл, әділ сынымен демеп отырған ұлы Мұхтар Әуезовтың 1926 жылғы 13 қаңтарда жариялаған «Театр өнері және қазақ театры» тақырыпты әйгілі зерттеу еңбегінен төмендегі үзіндіні оқысақ ұлағатты ойлардың ұясы, қамқор қасиеттің жүрек ордасы қайда екенін, жалпы қазақ театр өнерінің жүгін тоғанақтап, көшін аттандырған, бірге көшіп, мұрат-мақсатын айқындасқан тұлғаның кім екеніне көз жеткіземіз.
«Театр – сымбатты өнердің ішіндегі ең зор өнердің бірі. Ешбір өнерді құрғақ тілек, құрғақ бұйрық туғызбайды. Қай елдегі, қай өнерді алсақ та сән, - салтанатпен, ырғалып-жырғалып бір күннің ішінде ғайыптан көшіп келген жоқ. Барлығы да болымсыз ұрықтан жәйлі топыраққа көміліп, белгілі шартпен бағылып, қағылған уақытта ғана бой жасап өсіп-өнген. Ана жатырында баланың бітуі сияқты сәті келген сағатта тіршілік белгісін бастап, тоғыз-тоқсан құбылып, ащы толғақ, ауыр азап ішінде туады. Әрбір өнер өзінің туып-өскен жолында арнайы топырағы сияқты болған еліне міндетті. Ел тіршілігінің өткен күні сол өнердің бойы өсуіне қажет болған шарттардың барлығын берген болады. Сондықтан елдің өз денесінен жаралған өнер әуелгі кезеңде өз елінің әдет-салтын, ұғым-нанымен, мақсұт-тілегін өзгеден бөлек пішінде, сол елдің өзіне ғана хас болған суретте қабылдайтын болған. Бұл халден тысқары жолмен өскен ешбір ел жоқ. Қай өнерді алсақ та әуелде өз елінің халық өнері болып, содан ілгері қарай басқан сатысында ғана көптікі болып, жалпы адам баласының ортақ теңізіне барып құяды...»
Өткелегі көп, кедергісі керенау танытқан, сонда да жаны нәзік, көңілі көркем өнерін өлтіріп алмай, сәби шағынан мәпелеп, әлдилеген, әр қадамына анадай қуанып, биік мақсаттарға жетелей берген Семей театры 1934 жылы ғана мемлекеттік музыкалы-драма театры болып ресми түрде ашылады.
Драматургия мен сахна өнерінің алғашқы қадамы басталған Семей өңірінде мемлекеттік театрдың ашылуы облыстағы зор мәдени оқиға болды. Театрдың барлық ауыртпашылығын қара нардай қайыспай көтеріп, сәтті күнге жеткенде оның ұйымдастыру шараларына тың қуат, ерекше жігермен араласқан Жұмат Шанин шын мәнінде қазақ театр өнерінің қажымас қайраткері, талмас талантты тұлғасы еді.
Алғашқы үйірме – топтарда, «Ес-Аймақта» ортақ іске барын сала кірісетін, театр өнеріне біршама ысылып қалған, әрі Семей театрының қалыптасып, өзіндік келбетін ашуына көп еңбек еткен Ғалиақбар Төребаев театрдың тұңғыш директоры, әрі тұңғыш режиссері болып тағайындалады.
Театрға Семейдегі оқу орындарынан жаңалыққа жаны құмар Сейфолла Мұхамеджанов, Мұқан Бектенов, Сіләмбек Қыдыралин, Рысбек Жәкенов, Нұрмағамбет Әбішев, Омар Садақбаев сынды дарынды жастар тобы келіп қосылды. Шахан Мусин мен Ибади Матақов та өнер жолын таңдап театрға келеді. Жас театрға республиканың бас театрынан майталман актерлер Нұриден Атаханов, Хасен Байырманов, Рахия Сүлейменовалар көмекке келіп, іске араласады. Олармен қатар Алматы өнер училищесінен білім нәрімен сусындаған Гүлсім Әбдірахманова, Байділда Қалтаев, Рабиға Есімжановалар жолдаманы Семей театрына алады. Үш ай уақытқа арнайы көмек жасау үшін келген режиссер Құрманбек Жандарбеков аз уақыт ішінде театрды жандандырып, өнер келбетін жайнатып жібереді.
Сол жылдары Семей театрының музыкалық бөлімін басқарған Латиф Хамиди өзіне етене халық шығармаларын сахнаға лайықты өңдеп, спектакльдерге пайдалана бастайды. Жылнама беттерін парақтап, дерек көздерін байыппен саралап отырсаңыз Семей театрында болашақ қазақ әдебиеті мен мәдениетінің көрнекті тұлғалары еңбек еткенін, биік баспалдақтар қадамын Семей жерінен бастағанына куә боласыз.
Семей облыстық қазақ музыкалы-драма театры кәсіби өнер ордасы ретінде өз шымылдығын 1934 жылы 6 маусымда Ілияс Жансүгіровтың «Кек» пьесасымен ашады.
Қазақстандағы таптық төңкерістің көріністерін «Кек», жаңа заман, жаңа өмір үлгісін «Майдан», сол замандағы төрешіл-тоғышарлықты суреттейтін «Талтаңбайдың тәртібі» пьесаларын сахналап, сомдалған бейнелер көрермендерге ой салып, әсерге бөлейді. 1935 жылы сахналанған «Еңлік-Кебек» сол уақытта Оқу халық комиссариатының бұйрығымен театрдың директоры әрі бас режиссері тағайындалған Орынбек Бековтың советтік идеяға лайықтап, көп өзгертулерімен ерекшеленеді. Би деген сөзден үркетін заман өз дегенін мұнда жасап отырған. Бұдан кейінгі кезеңдерде сахналанған Жұмат Шаниннің «Шахтасы», В.Каршонның «Астық», Мұхтар Әуезовтың «Қаракөз», «Ер Тарғын», «Түнгі сарын», «Қыз Жібек» спектакльдері театрды жаңа белестерге көтерді.
1941-1945 жылдары ел басына күн туған шақта өнер киесіне адал труппа актерлері өз тұғырынан тайған жоқ. Майданға аттанған жиырма жеті азаматтың орнын жоқтатпай, ұжым күндіз-түні еңбек етті. Майдан даласынан хабар тосып, күпті көңіл боп жүрген тылдағы адамдарға демеу болар, жеңіске жігерлендірер тағы да сол өмір өзегіндегі өнер еді. Естеліктерге жүгінсек театр актерлері аудан-аудан, ауыл-ауылдарды жаяу-жалпы аралап жүріп өнер көрсетеді. Қайғылының жасын сүртіп, жанын жұбатқан, бүкіл елді жеңіске жігерлендірген театр тылдағы орасан зор еңбегі үшін ең қымбатты марапат ел ықыласына бөленді.
Ұлы Отан соғысы жылдарында театр М.Әуезовтың «Сын сағатта», Ә,Әбішевтың «Қырағылық», В.Александровтың «Малиновкадағы үйлену тойы» тағы басқа патриоттық рухты тәрбиелейтін қойылымдармен гастрольдік сапарларға шығып жүрді. Қиындыққа төзе алмай жер-жерлердегі театрлар жабылып жатқанда Семей театры қолда барды өнер үшін сарқа жұмсап, жүріп театрды сақтап қалды. Шеге Қалтаев пен Рахиля Сүлейменованың, Зейтін Тілеубаев пен Қайныш Әмірбекованың театр үшін атқарған еңбегі жанқиярлық ерлікпен пара-пар еді.
Соғыстан кейін де суық бөлмелерде, аш құрсақ жағдайда дайындық жұмыстары толас тапқан емес. Көңілдегі арқатірек – Жеңіс! Майданнан оралған, сауы-жаралысы бар актерлер іске жұмыла кірісіп қолдан келген әрекетпен театрды алға сүйрей берді.
1954 жылы ел еңсесін енді көтере бастаған кезеңде Абай атындағы Семей театрына әйгілі Жұмат Шанин, Құрманбек Жандарбеков пен Шәкен Аймановтардың жолын ұстанған кәсіби театр маманы Бәйтен Омаров келеді. 1954-1971 жылдар аралығында театрдың бас режиссері болып еңбек еткен ол Гогольдің «Ревизорын», Гольдонидің «Екі мырзаға бір қызметші», Айтматовтың «Ана – Жер ана», Тәжібаевтың «Майра», Мұхамеджановтың «Бөлтірік бөрік астында» мен «Жат елде», Әуезовтың «Қаракөз» бен «Еңлік - Кебек» Мүсіреповтың «Ақан сері - Ақтоқты», Мұхамедхановтың «Комиссар Ғаббасов», Сатаровтың «Ғариб пен Сәнәм» Мұқановтың «Қашқар қызы» Шаңғытбаевтың «Ой, жігіттер-ай», Мүсіреповтың «Қозы Көрпеш – Баян сұлу» спектакльдерін сахналап тегеуіренді талантын танытады. Осы театр сахнасында әлемге әйгілі, қайталанбас дара тұлға болып қалыптасады.
Семей театрының қасиетті қарашаңырағына алтын өзекті уық боп қадалған, күннен – күнге керегесін кеңейткен Мұхтар Әуезов, Жұмат Шанин, Ғалиақбар Төребаев, Иса Байзақов, Әміре Қашаубаев, Фатима Әшкеева, Құрманбек Жандарбеков, Сіләмбек Қыдыралыин, Хасен Байырманов, Халекет Ешмұратов, Гүлсім Әбдірахманова, Нуридден Атаханов, Рахия Сүлейменова, Байділдә Қалтаев, Рабиға Есімжанова, Сейфолла Мұхамеджанов, Мұқан Бектенов, Рысбек Жәкенов, Нұрмағанбет Әбішев, Күләш Сәкиева тағы басқа актерлер мен режиссерлердің қатарын өмірін өнерге бағыштаған Ә. Жаңбырбаев, Б.Имаханов, Ж.Сәкенова, М.Бұланов, Б.Жұманов, Е.Нұрбаева, М.Бәкенов, И.Жарболов, Ә.Қожмұхамедов, Мақсұт Бақтияров, Б.Сыбанов, Ш.Бахтинова сынды таланттармен толығып, олар да өз кезегінде аға ұрпақ жолын зор ізденістермен жалғастырады. Небір кесек рольдерді сомдаған есімдері елге әйгілі майталмандар боп танылады. Бекен Имаханов сомдаған «Абай», Әбілқасым Жаңбырбаев бейнелеген Сырым, Күләш Сәкиева ойнаған «Майра», Тұратай Иісова тірілткен «Қаракөз» шынайы шеберлік пен орасан зор еңбектің үлгісіндей болып театр жылнамасына алтын әріптермен жазылды.
1972 жылы театрға бас режиссер, әрі көркемдік жетекші болып Есмұқан Обаев тағайындалады. Осында еңбек еткен жиырма жыл ішінде ол өзінің жас талантын тарлан аштырып қана қоймай театрдың республикада маңдай алдына шығуына көп еңбек сіңірді. Биік-биік белестерден көрінді. Төккен тер халық құрметіне бөлеп, абыройы асқақтады. Е.Обаев театрда В.Шекспирдің, Ф.Эрвенің, Н.Гогольдің, М.Каримнің, М.Горькийдің пьесаларын сахналап, әр шығарманы сол замандағы Одақ көлемінде еңбек ететін театрлардың кемеліне келіп, әбден толысқаны қоя алатын дәрежеге жеткізді. Қазақ классиктерінен Мұхтар Әуезовтың «Еңлік - Кебек», «Абай», «Қаракөз», «Айман-Шолпан», Ғабит Мүсіреповтың «Қыз Жібек», «Қозы Көрпеш – Баян сұлу», «Ақансері - Ақтоқты» Сәбит Мұқановтың «Шоқан Уәлиханов», «Мөлдір махаббат», «Қашқар қызы» пьесаларын қойып, әр образдың жөншеңкі адамның ой түйсігіне шалына бермейтін өзгеше бітімдегі, емеуіріннен табылатын терең сыры мен өте нәзік толғанысты толқындарының шарпысуын ашуға ұмтылды.
Есмұхан Обаев, Тахауи Ахтанов, Сафуан Шаймерденов, Әнуар Әлімжанов, Сыдық Мұхамеджанов, Дулат Исабеков, Нұрлан Оразалин, Баққожа Мұқаев, Оралхан Бөкеев, Қалихан Ысқақов, Сәкен Жүнісов, Әкім Тарази, Ғазиз Сапаевтың тағы басқа драматургтердің шығармаларын батыл шешімдер, ұшқыр ой, тың көзқарасты шеберлікпен сахналап, дара таланты мен мол біткен адамгершілігі арқасында театрдың жаңа буын актерлерін сатыдан сатыға көтеріп, болашақ бағдарды айқындап бере алды.
Семей театрында ең ұзақ еңбек еткен талантты режиссерлер Бәйтен Омаров пен Есмұқан Обаев еңбектері жоғары бағаланып, Қазақ ССР-інің еңбек сіңірген өнер қайраткері, «Қазақстанның халық артисі» құрметті атақтарына ие болды.
Одақ тарап, аумалы-төкпелі кезең келгенде театрға Қазақстанның еңбек сіңірген өнер қайраткері Шапай Зұлқашев келді. Театрдың көркемдік жетекші лауазымында еңбек еткен ол С.Жүнісовтың «Аласапыран», А.Жағанованың «Обыр», Т.Жұртбайдың «Құнанбай» спектакльдерін қос бүйірден қыспаққа алған нарық заманына қарамастан сәтті сахналай білді. Осы өткен жылдар ішінде Семей театрына режиссерлар Қадір Жетпісбаев, Жақып Омаров, Виктор Пұсырманов, Марат Сақатов, шақырылып пьеса қойса, өз тәрбиеленуші – өнер шеберлері Қажыахмет Рахметов, Гүлбарам Бахтияровалар режиссердің қиын да күрделі жұмысына қол ұшын беріп сәтті қойылымдарға жол ашты.
Бұдан кейінгі жылдарда бас режиссер болып еңбек атқарған Шопан Кәрібаев, аз ғана уақыттың ішінде Ө.Боранбаевтың «Сотанайдың соңғы үйленуі», Ш.Айтматовтың «Боранды бекет», О.Бөкейдің «Атаукере», Ш.Мұртазаның «Домалақ ана» пьесаларын сахналап берісі Семей, әрісі республика жұртшылығының бек құрметіне бөленді. Театр бірнеше рет республикалық тақырыпты фестивальдердің лауреаты атанды. Египет астанасы Каир қаласында өткен театрлардың дүниежүзілік фестиваліне қатысқан театр әлемдік дәрежедегі сыншылардың әділ бағасын алып, абыройға бөленді.
Театрмен көрнекті сазгерлер Теміржан Базарбаев, Ғазиза Жұбанова, Әсет Бейсеуов, Мәуліт Рахымбаев, Олег Жанияровтар тығыз байланыста еңбек атқарды. Олар пьесаладың музыкасын жазып, әуезбен көркемдесе, Теміржан Базарбаев, Төкен Ибрагимовпен бірге «Жас Абай» музыкалы спектаклін жазды.
Республика басшылығы сонау соғыстың уақытында театр ұжымының еңбегін жоғары бағалап, Г.Әбдірахманова, Р.Жәкеновке, Х. Байырмановқа, Ш.Қалтаевқа, С.Қыдыралинге, Ж.Шаймардановаға, М.Кореновқа «Республикаға еңбегі сіңген артист» атағын берсе, сол үрдіс он жылдан соң жалғасын тауып С.Қыдыралин «Қазақстанның халық артисі» атанса, Ә.Жаңбырбаев пен Ж.Сәкеноваға «Республикаға еңбегі сіңген артисі» атағы беріледі. Бұдан кейінгі кездерде Н.Атаханов, К.Сәкиева, Б.Имаханов, Ә.Жаңбырбаевтар, Қазақстанның халық артистері құрметті атағына ие болса, Бикен Мұхамеджанова, Мақсұт Бахтияров, Жұмабек Құнанбаев, Шайзат Бахтинова, Мұқатай Бұланов, Болат Сыбанов, Болат Ноғайбаевтар «Қазақстанның еңбек сіңірген өнер қайраткерлері» болды.
Абай атындағы Семей театрында еңбек еткен уақытында бас режиссер Ерсайын Төлеубай театр директоры Рақымғали Мыржықбаевпен бірге жас актерлерді кәсіби тәрбиелеуге ұмтылды. Қалыптасқан, оқу-үйрету мектебі іспетті студия өз жұмысын жемісті жалғастыра білді. Одан білім алып, қанаттанған жастар бірте-бірте сахна сырына бойлап, бүгіндері шеберлікке талпынған топ құрап отыр. Бұл орайда жас ұрпаққа білім-тәрбие беруде елеулі еңбек етіп келе жатқан Қазақстанға еңбегі сіңген өнер қайраткері Шайзат апай Бахтинованы, ҚР Мәдениет қайраткері Әсем Баированы, Қазақстан Республикасының өнер қайраткері Болат Ноғайбаевты т.б. актерлерді атап өтуге болады.
Е. Төлеубай сахналған Иранбек Оразбаевтың «Керкеткен» спектаклі өмір құбылыстарына терең бойлаған, адамның ішкі ойын ашып, құпия-қалтарыстарын жайып салған, көздің шелін сыпырып, ақиқатты айғайлаған шығарма болды.
Өз жолында сан бұралаң белес, биік асулардан өткен театрдың бүгініне келсек, егеменді еліміздің еңсесі биік өнерінің киелі бір шаңырағына айналып отыр.
Әр жылдарда театрға басшы болған Ғалиақпар Төребаев, Орынбек Беков, одан беріректе Отантай Кәрібжанов, Алтынхан Мырзақасимов, Сансызбай Күлтуманов, Қудайберген Ысқақов, Рақымғали Мыржықбаев, Адай Азаматов, тағы басқа іскер қолды, алғыр ойлы азаматтар өнер өрісін одан әрі шыңдап, уығын қадаған, шаңырағын биіктетіп, керегесін кеңейткен дәрежелі асқарынан есте төмендемей халыққа қалтқысыз қызмет етіп келеді. Әрине, әрқилы замана кезеңдерінің әр түрлі тосқауыл – тежеу болған қиындықтары біршама тоқырауға түсіргенімен өршіл өнер, өміршең өнер шоқтай жанып, оттай лаулап жылуын шаша білді. Ол сол өнерді айрықша сүйген, ыстығына күйіп, суығына тонған, өнерге басын байлаған, терең бойлаған, бойлай беріп өзі де ұлы өнерге айналып өмір-өнер болып кеткен актерлердің арқасы еді.
Бұл күндері Семейдің Абай атындағы қазақ музыкалы-драма театрына осы шаңырақтың біте қайнап өскен түлегі, талантты актер, өзіндік қол таңбасын табуға талпынған режиссер, халықаралық «Шабыт» фестивалінің лауреаты, Қазақстан Республикасының мәдениет қайраткері Бауыржан Халықұлы Төлеков басшылық етіп келеді.
Бауыржанның ойнаған әр ролі күрделігімен, азапқа толы еңбек пен жігерді қажет етсе, ол сол жолда өзін тек абыройлы биіктен танытқан дарын иесі. Республика жұртшылығына танымал өнер майталманы. Сахналаған туындылары: «Махаббат қызық, мол жылдар», «Ақ берен», «Ерөтстік», «Бәйшешек терген қыз», «Алдар Косе» тағы басқа шығармалары көрермендер көзайымына айналып ондаған жылдар сахнадан түспей келе жатқан қойылымдар болып саналады.
2012 жылы театрдың көркемдік жетекшісі болып Жуасбек Ербол Тілеуқұлұлы тағайындалды. Білімді, білікті өнер иесі аз уақыт ішінде өзін кемеліне келген режиссер ретінде танытты. Ол сахналаған «Күшік куйеу», «Әріп терушінің әбігері», «Қош бол, Гүлсары» спектакльдері көрермен қауым жылы қабылдаған туындылар болып, алғысқа бөледі. Ізденімпаз, талапшыл жас жас актерлерге де айырықша көңіл аударып, олардың өсу, өркен жаю жолдарын қадағалап келеді.
Бүгінгі күндерде Семейдің Абай атындағы қазақ музыкалы-драма театрында жауапкершілік пен парыз жүгін арқалаған Бауыржан Төлеков, талантты режиссер Ербол Жуасбек, қаламгер Жұмабек Қамбаров театрдың анасы іспетті. «Қазақстанның халық артисі» үш орденнің иегері, 90 жастағы Күляш Сакиева, Қазақстанның халық артисі Семей және Абай ауданының құрметті азаматы - Бекен Имаханов, Қазақстанның еңбек сіңірген артисі- Шайзат Бахтинова, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері - Болат Ноғайбаев, Қазақстан Республикасының мәдениет қайраткері, сазгер-Сапарбек Әшімбеков, Қазақстан Республикасының мәдениет қайраткері - Әсем Баирова, Қазақстан Республикасының мәдениет қайраткері, әнші-актер - Мырзахан Сыдықов, Қазақстан Республикасының мәдениет қайраткері, әнші- Бақыт Тойымбаева, Қазақстан Республикасының мәдениет қайраткері- Айжан Манекина, Қазақстан Республикасының мәдениет қайраткері- Шолпан Муханбетова, сахна шебері, актер-әнші- Азамат Нұрғамыс, сахна шебері – Ғалия Дәрменбаева, Қазақстан Республикасының мәдениет саласының үздігі, сахна шебері – Сәндібала Бекбаева, актер, сахна шебері – Сұлушаш Төлекова, Қазақстан Республикасының мәдениет қайраткері – Нұрбағила Чинкебаева, Қазақстан Республикасының мәдениет қайраткері Күляш Әбділдина, Рысбүбі Толеуханова, Қазақстан Республикасының мәдениет қайраткерлері Дәметкен Ыдырысова, Үміт Жидебаева, музыканттар Владимир Лаптев, Нұрбек Ташкенбаев, актер Айтбек Тәшімбетов, сазгер, музыкант Муратбек Омаров, балет артистері Қазақстан Республикасының мәдениет қайраткері Рыстықайша Иманбекова, Қазақстан Республикасының мәдениет саласының үздігі – Альмира Айдарханова, бас суретші – Жанна Жүнісова, актер - Әсел Нурланова, актер –Динара Қабышева, балет артистері Римма Егізбаева, Жанат Үмбетжанова, Луиза Байсайева, Зарина Жүнісбекова, Ерен Ахметов, Альмира Рамазанова, Әсел Асылбекова, Талғат Төлеубаев, Ерік Тоқтаубаев, Тілекжан Тураисов, Нұржан Хасенов, Назым Мұратханова, Бекзат Омашев, Қымбат Оспанова, Елена Обухова, Борис Пухов, Нариман Рахымжанов, Әлия Серімова, Нурлан Тайменов, Анатолий Ысқақов, Даулет Қажығапасов, Салтанат Баяділова, Қайрат Божанов, Думан Бәкімбаев, Виктор Гурьев, Леонид Данильченко, Сергей Пронин, Бижамал Жанпейісова, Жанар Баяділова, Қалима Жұматаева, Мәкен Жарқынбаева, Қанат Ғалымовтар абыроймен еңбек етіп келеді. Шығар биік, алар асу алда. Шынайы өнердің келешегі айқын, жолы даңғыл.
071405, Казахстан, область Абай
г. Семей, пл. Абая
Телефоны: 8 (7222) 56-34-68, 56-33-39, 56-16-33
Факс: 8 (7222) 56-32-14