КГКП «Театр имени Абая» г. Семей

Меню
8 (7222) 56-27-23 /касса/
8 (7222) 56-27-23 /касса/

ТАЗАРҒЫҢ КЕЛСЕ, ТЕАТРҒА БАР!

Театр (грекше theatron – ойын-сауық орны; ойын-сауық) – сахналық өнердің өмір көріністерін драмалықәрекет арқылы көрермендердің көз алдында актерлер күшімен бейнелейтін бір түрі; ойын-сауық немесе спектакль; түрлі сахналық ойын-сауықтар, сонымен қатар жалпы мәдени шараларды өткізілетін орын-жай.

Енді сонау Грециядан бастау алып, қазақ топырағында театрдың дамуына тоқталсақ. Теарнт мәдениеті мен өнері біздің халық ауыз-әдебиетінде жатыр. Қазақтың әдет-ғұрыптарындағы, салт-санасындағы, жоқтау өлеңдер, айтыс, мақал-мәтелдер, естірту, сыңсу сияқты фалькльорларымыз қазақ театрының бастау көзі. Абайдың дүниеден өткеніне 10 жыл толуына орай Нұрғали, Нәзипа Құлжановтар ұйтқы болып ұйымдастырған шара ерекше орын алды. Бұл оқиға ұлы Абайдың ұлы мұрасын халқымен қауыштыруға арналған игілікті іс болып, тарих бетіне жазылды. Қаламызда 1915 жылы өркендеп келе жатқан өнерді «Біржан мен Сара» айтысы төңірегіне тоғыстырып, сахналық көріністері мол бағдарламамен өткізілген ойын-сауық, орайына қарай ұйымдастырылатын ақындар айтысы, өлең-жыр, ән мен күй кештері жас бастамашылардың зор талпыныстары туғызған жаңа қойылымдар театрдың бастау алуына себеп болды.

Семейдегі Абай атындағы қазақ музыкалы-драма театры бүкіл қазақ театры өнерінің қарашаңырағы болып саналады. Оған дәлел, 1917 жылы Мұхтар Әуезовтың басшылығымен “Ойқұдық” жайлауында қойылған “Еңлік-Кебек” пьесасы қазақ еліндегі жаңа өнердің, қазақ театрының  тұсаукесері болды. Қазақ мәдениетінің өркендеуіне сүбелі үлес қосқан, зор екпінді күш болды. Театр өнері қарыштап дами  бастады, алға қадам басты.  Ойқұдықта ойлы дүниемен бастау алған рухани сілкініс, өнердің өркендеуіне жұмыс жасады. Мұхтар Омарханұлының бастауымен “Ес-Аймақ” театры  1920 жылдары қарқынды жұмыс атқарды. Рухани шөлдеген жұртты, өнермен сусындатты.  Әйгілі Әміре Қашаубаев, Иса Байзақов, Жұмат Шанин, Ғалиақпар Төребаев, Қалибек Қуанышбаев сынды майталман өнер иелері топтасып, театр өнері биікке қанат қақты.

1922-1925 жылдар аралығында Семейде Жұмат Шаниннің режиссерлігімен «Арқалық батыр», «Айлалы шал», «Торсықбай қу», «Сәкен Сейфулиннің «Бақыт жолында», «Қызыл сұңқарлар», «Мұхтар Әуезовтың «Еңлік-Кебек», «Ел ағасы», «Бәйбіше - тоқал» татарлардың «Ғалиябану» пьесалары сахналанып «Ес-Аймақ» өзінің жас таланттармен толығып, шығармашылық ұжымның талпынысы, баршама материалдық базасы да бар театр ұжымы екенін толық дәлелдеп береді. Театрдың өркендеуіне жол ашылды.

Семей облыстық қазақ музыкалы-драма театры кәсіби өнер ордасы ретінде өз шымылдығын 1934 жылы 6 маусымда Ілияс Жансүгіровтың «Кек» пьесасымен ашты. Театрдың ресми түрде ашылуы осы уақытта болғандықтан театрдың 80 жылдығы соған сәйкес саналды.

Қазақстандағы таптық төңкерістің көріністерін «Кек», жаңа заман, жаңа өмір үлгісін «Майдан», сол замандағы төрешіл-тоғышарлықты суреттейтін «Талтаңбайдың тәртібі» пьесаларын сахналап, сомдалған бейнелер көрермендерге ой салып, әсерге бөледі. 1935 жылы сахналанған «Еңлік-Кебек», Жұмат Шаниннің «Шахтасы», В.Каршонның «Астық», Мұхтар Әуезовтың «Қаракөз», «Ер Тарғын», «Түнгі сарын», «Қыз Жібек» спектакльдері театрды жаңа белестерге көтерді.

1941-1945 жылдары ел басына күн туған шақта өнер киесіне адал труппа актерлері өз тұғырынан тайған жоқ. Майданға аттанған жиырма жеті азаматтың орнын жоқтатпай, ұжым күндіз-түні еңбек етті. Қазақ даласындағы қайғылы жағдайларға қарамастан, елдің рухын көтеруге ат салысып, мәдениеттің өркендеуін тоқтатқан жоқ.

1954 жылы Абай атындағы Семей театрына  Жұмат Шанин, Құрманбек Жандарбеков пен Шәкен Аймановтардың жолын ұстанған, үлкен мектеп көрген кәсіби театр маманы Бәйтен Омаров келеді. 1954-1971 жылдар аралығында театрдың бас режиссері болып еңбек еткен ол Гогольдің «Ревизорын»,  Гольдонидің «Екі мырзаға бір қызметші», Айтматовтың «Ана – Жер ана», Тәжібаевтың «Майра», Мұхамеджановтың «Бөлтірік бөрік астында» мен «Жат елде», Әуезовтың «Қаракөз» бен «Еңлік - Кебек» Мүсіреповтың «Ақан сері - Ақтоқты», Мұхамедхановтың «Комиссар Ғаббасов», Сатаровтың «Ғариб пен Сәнәм» Мұқановтың «Қашқар қызы» Шаңғытбаевтың «Ой, жігіттер-ай», Мүсіреповтың «Қозы Көрпеш – Баян сұлу» спектакльдерін сахналап театрды тағы бір биікке көтерді.

Семей театрының, жалпы қазақ театрының керегесін кеңейтіп, уығын шаншыған, Мұхтар Әуезов, Жұмат Шанин, Ғалиақбар Төребаев, Иса Байзақов, Әміре Қашаубаев, Фатима Әшкеева, Құрманбек Жандарбеков, Сіләмбек Қыдыралыин, Хасен Байырманов, Халекет Ешмұратов, Гүлсім Әбдірахманова, Нуридден Атаханов, Рахия Сүлейменова, Байділдә Қалтаев, Рабиға Есімжанова, Сейфолла Мұхамеджанов, Мұқан Бектенов, Рысбек Жәкенов, Нұрмағанбет Әбішев, Күләш Сәкиева тағы басқа актерлер мен режиссерлердің қатары өмірін өнерге бағыштаған Ә. Жаңбырбаев, Б.Имаханов, Ж.Сәкенова, М.Бұланов, Б.Жұманов, Е.Нұрбаева, М.Бәкенов, И.Жарболов, Ә.Қожмұхамедов, Мақсұт Бақтияров, Б.Сыбанов, Ш.Бахтинова сынды таланттармен  толығып, тыңнан түрен салды. Бекен Имаханов сомдаған «Абай», Әбілқасым Жаңбырбаев бейнелеген Сырым, Күләш Сәкиева ойнаған «Майра», Тұратай Иісова тірілткен «Қаракөз» бәрі-бәрі қазақ өнерінің қарыштап дамуына ат салысып, театр абыройы артты.

1972 жылы театрға бас режиссер, әрі көркемдік жетекші болып Есмұқан Обаев тағайындалады. Бұл кісі өз талантының ашылуын ғана ойламай, театрды биік белестерге көтеруді мақсат тұтты. Биік-биік белестерден көрінді. Театр ұжымын талмай еңбектенуге ұмтылдырып, алға сүйреді. Е.Обаев театрда В.Шекспирдің, Ф.Эрвенің, Н.Гогольдің, М.Каримнің, М.Горькийдің пьесаларын сахналады. Қазақ классиктерінен Мұхтар Әуезовтың «Еңлік - Кебек», «Абай», «Қаракөз», «Айман-Шолпан», Ғабит Мүсіреповтың «Қыз Жібек», «Қозы Көрпеш – Баян сұлу», «Ақансері - Ақтоқты» Сәбит Мұқановтың «Шоқан Уәлиханов», «Мөлдір махаббат», «Қашқар қызы» пьесаларын қойып, заманауи тың идеялармен толықтырды. Көрермен қауымның да театрға ықыласын арттырды.

Семей театрында ең ұзақ еңбек еткен талантты режиссерлер Бәйтен Омаров пен Есмұқан Обаев еңбектері жоғары бағаланып, Қазақ ССР-інің еңбек сіңірген өнер қайраткері, «Қазақстанның халық артисі» құрметті атақтарына ие болды.

Талантты сазгерлер Теміржан Базарбаев, Ғазиза Жұбанова, Әсет Бейсеуов, Мәуліт Рахымбаев, Олег Жанияровтар теартмен тығыз байланыста еңбек атқарды. Олар пьесаладың музыкасын жазып, әуезбен көркемдесе, Теміржан Базарбаев, Төкен Ибрагимовпен бірге «Жас Абай» музыкалы спектаклін жазды.Аталған спектакль Абай театрының классикалық репертуарына қосылды.

Республика басшылығы сонау соғыстың уақытында театр ұжымының еңбегін жоғары бағалап, Г.Әбдірахманова, Р.Жәкеновке, Х. Байырмановқа, Ш.Қалтаевқа, С.Қыдыралинге, Ж.Шаймардановаға, М.Кореновқа «Республикаға еңбегі сіңген артист» атағын берсе, сол үрдіс он жылдан соң жалғасын тауып С.Қыдыралин «Қазақстанның халық артисі» атанса, Ә.Жаңбырбаев пен Ж.Сәкеноваға «Республикаға еңбегі сіңген артисі» атағы беріледі. Бұдан кейінгі кездерде Н.Атаханов, К.Сәкиева, Б.Имаханов, Ә.Жаңбырбаевтар, Қазақстанның халық артистері құрметті атағына ие болса, Б.Мұхамеджанова, Мақсұт Бахтияров, Жұмабек Құнанбаев, Шайзат Бахтинова, Мұқатай Бұланов, Болат Сыбанов, Болат Ноғайбаевтар «Қазақстанның еңбек сіңірген өнер қайраткерлері» болды.

Абай атындағы Семей театрында еңбек еткен уақытында бас режиссер Ерсайын Төлеубай театр директоры Рақымғали Мыржықбаевпен бірге жас актерлерді кәсіби тәрбиелеуге ұмтылды. Қалыптасқан, оқу-үйрету мектебі іспетті студия өз жұмысын жемісті жалғастыра білді. Одан білім алып, қанаттанған жастар бірте-бірте өнерге құлаш сермеді. Театр майталмандар арттан ерген жас буынға білім-тәрбие беруде елеулі еңбек етті. Қазақстанға еңбегі сіңген өнер қайраткері Шайзат апай Бахтинованы, ҚР Мәдениет қайраткері Әсем Баированы, Қазақстан Республикасының өнер қайраткері Болат Ноғайбаевтар үлгі болды.

Әр жылдарда театрға басшы болған Ғалиақпар Төребаев, Орынбек Беков, одан беріректе Отантай Кәрібжанов, Рақымғали Мыржықбаев, Адай Азаматов, тағы басқа іскер қолды, алғыр ойлы азаматтар өнер өрісін одан әрі шыңдап, театрдың ыстығы мен суығына бірдей шыдап, қазақ театрының қарыштап дамуына ат салысты.

 Бүгінгі таңда Семейдің Абай атындағы қазақ музыкалы-драма театрына ие болып, басшылық жасап отырған Бауырдан Төлектовтің еңбегі де ерен.  Талантты актер, талай классикалық спектакльдер қойған режиссер, халықаралық «Шабыт» фестивалінің лауреаты, Қазақстан Республикасының мәдениет қайраткері Бауыржан Халықұлы Төлеков театрдың тынысына айналды.

Бауыржан Халықұлы қаншама  роль сомдады,  еңбек пен жігердің арқасында биік белестерге көтерілді.  Сахна саңлағы Бауыржан мынандай  туындылары өмірге әкелді, «Махаббат қызық, мол жылдар», «Ақ берен», «Ерөтстік», «Бәйшешек терген қыз», «Алдар Косе» тағы басқа шығармалары көрермендер көзайымына айналып , елдің қошеметіне бөленді. Талантты актер Т.Ахтанов «Күшік күйеу» -Бекболат, М.Әуезов «Еңлік-Кебек» Жапал, З. Исмағилов «Құдаша» Ілияс, М.Байджиев «Наз» Ескендір, М.Әуезов «Қара Қыпшақ Қобыланды» Алшағыр, С.Ахмад «Келіндер көтерілісі» Тоқты, С.Әшімбеков «Құдаша» Кәукен, М.Әуезов «Айман-Шолпан» Жарас, М.Әуезов «Таңғы жаңғырық» Әзберген, О.Бөкей «Өз отыңды өшірме»  Ерік, Ш.Айтматов «Боранды бекет» Мәңгүрт, Ө.Боранбаев «Сотанайдың соңғы үйленуі» Сотанай, О.Бодықов «Ит өлім» Бар, Ж.Қамбаров «Жүрек жылуы» Ораш, М.Ибраев «Қалқаман - Мамыр» Мамай, Ғ.Мүсірепов «Қозы Көрпеш – Баян сұлу» Қодар, Ш.Мұртаза «Домалақ ана» Ананың ұлы образдарын сомдам, ел ықыласына бөленді.

Кейінгі жылдары режиссер болып, көптеген драмалық шығармаларды сахнаға шығарды. Ә.Нұршайықов, А.Сапышев «Махаббат, қызық мол жылдар», Р.Отарбаев «Мұстафа Шоқай» Шоқай, А.Сапышев «Ақберен», Т. Әлжан «Періштелер жерде ғұмыр кешпейді», Ғ.Мүсірепов «Қозы Көрпеш – Баян сұлу» бұл да бір рухани серпіліс болды.

2012 жылы театрдың көркемдік жетекшісі болып Жуасбек Ербол Тілеуқұлұлы тағайындалды. Білімді, білікті өнер иесі аз уақыт ішінде өзін кемеліне келген режиссер ретінде танытты. Ол сахналаған «Күшік куйеу», «Әріп терушінің әбігері», «Қош бол, Гүлсары» , «Ғашықтар хикаясы»  спектакльдері бүгінгі көрерменнің талғамынан шықты.

Қазақстанның халық артисі үш орденнің иегері, 90 жастағы Күляш Сакиева, Қазақстанның халық артисі Семей және  Абай ауданының құрметті азаматы - Бекен Имаханов, Қазақстанның еңбек сіңірген артисі- Шайзат Бахтинова, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері - Болат Ноғайбаев, Қазақстан Республикасының мәдениет қайраткері, сазгер-Сапарбек Әшімбеков,  Қазақстан Республикасының мәдениет қайраткері - Әсем Баирова, Қазақстан Республикасының мәдениет қайраткері, әнші-актер - Мырзахан Сыдықов, Қазақстан Республикасының мәдениет қайраткері, әнші- Бақыт Тойымбаева, Қазақстан Республикасының мәдениет қайраткері- Айман Манекина, Қазақстан Республикасының мәдениет қайраткері- Шолпан Муханбетова, сахна шебері, актер-әнші- Азамат Нұрқамыс, театрдың белді әншісі-Бекзат Омашев, сахна шебері – Галия Дәрменбаева, Қазақстан Республикасының мәдениет саласының үздігі, сахна шебері – Сәндібала Бекбаева, актер, сахна шебері – Сұлушаш Төлекова, Қазақстан Республикасының мәдениет қайраткері – Нұрбағила Чинкебаева, музыканттар Владимир Лаптев, Нұрбек Ташкенбаев, актер Айтбек Тәшімбетов, сазгер, музыкант Муратбек Омаров, балет артистері Қазақстан Республикасының мәдениет қайраткері – Рыстықайша Иманбекова, Қазақстан Республикасының мәдениет саласының үздігі – Альмира Айдарханова, бас суретші – Жанна Жүнісова, актер - Әсел Нурланова, актер –Динара Қабышева, балет артистері Римма Егізбаева, Жанат Үмбетжанова, Луиза Байсайева, Зарина Жүнісбекова абыроймен еңбек  етіп келеді. Шығар биік, алар асу алда. Шынайы өнердің келешегі айқын, жолы даңғыл. 

Театр Каирде өткен Халықаралық және Республикалық фестивальдердің лауреаты. Республика көлемінде өтіп жатқан барлық мәдени-іс шаралардың басы-қасында жүреді. Театр жыл сайын өз репертуарларын жаңартып, заманға сай жаңа бағыт жаса келеді.

80 жылдық тарихы бар Абай атындағы қазақ музыкалы-драма театрының биылғы жылғы еңбегі ұшан-теңіз. Абай театрының шығармашылық ұжымы республика көлеміндегі фестивальдерге жиі қатысып, көрші халықтарға да шығармашылық кештермен өнер көрсетуде.  Оған дәлел Өскемен қаласында ашылған Қабанбай ескерткішінің тұсау кесерін ұйымдастырып алғыс хатпен марапатталды. Павлодарда өткен  Аймақтық театр фестиваліне қатысып, Абай театры «Әдебиетті насихаттағаны үшін» номинациясын қанжығаға байлап келді. Сонымен қатар театр ұжымы облыстағы аудандарды аралап, гострольдік сапармен сәтті шығармашылық кештер қойып қайтты. Күршім, Тарбағағатай, Абай, Жарма аудандарының тұрғылықты халынан ерекше қошемет алып қайтты. Қалбатаудан өткен Ер Жәнібек ескерткішінің ашылуына сүбелі үлес қосып, театрдың шығармашылық ұжымы ерекше көзге түсті. Абай елінде, Жидебай жерінде режиссер Досқан Жолжақсыновтың түсіріп жатқан. Құнанбай фильіміне де , қаншама актерлар түсіп, үлкен көмек танытты. Кәсіби шеберліктерін көрсете білді.

Театр репертуарына келетін болсақ, жаңа туындылармен толығуда. Жолтай Әлмашұлының «Мұңмен алысқан адам», Е. Төлебайдың «Қасқырлар» спектаклін  сахналады, тың ертегілер дайындалуда. Театр маусымы М. Әуезовтың «Еңлік-Кебек» пессасымен жабылған болатын.

Бір ғасырға жуық тарихы бар, талай тарланбоздарды түлеткен, мұзбалақ қырандарын қанат қақтырған киелі орданың өскелең ұрпаққа берері де, бергені де ұшан теңіз.

1-қыркүйек күні театр маусымының ашылуы да ерекше өтті. «Таңғажайып түнгі театр» шоу-маскарады өтті. Онда көрермен халықпен тығыз жұмыс жасалады, халық арасынан актерлар сайлап тосыннан спектакль ойнататы.

Абай театрының 80 жылдық мерекесіне орай, ШҚО әкімі Бердібек Сапарбаевтің, Семей қаласының әкімі Айбек Кәрімовтің,  Шығыс Қазақстан облысының мәдениет, мұрағаттар және құжаттама басқармасының қолдауымен 2014 жылғы  қыркүйектің 15-18 күндері аралығында  «Халық театрлары» фестивалін өткізілді.

Бүгінгі таңда театр ұжымы киелі қара шаңырақта тату-тәтті, шығармашылық байланыста ғұмыр кешіп келеді. Мәдениет пен әдебиеттің дамуына өзінше үлес қосып, биік шыңдардан көрінуде. Қазіргі театр тіршілігі қарқынды дамуда, заман талаптарына сай, жаңа үлгідеге пьессаларды сахналауда. Жалынды, дарынды жастармен толыққан театрдың терезесі тең деп айтсақ артық емес. Кейінгі буынға жол көрсететін ақсақал ардагерлеріміз де жемісті еңбек етуде. Абай театрының алар асуы әлі алда, көрерменнің қошеметіне бөленіп, елдің алғысын алған өнер иелерінің де биікке қаққан қанаттары талмасын деп тілейміз. Бір ғасырға жуық тарихты арқалаған атам театрының ғұмыры ұзақ екендігіне көрермен қауым мен өнер ұжымының ықыласы дәлел.

Театр тарихына үңілсек әрісі 96, берісі 80 жыл халыққа өнер көрсетіп, өнер тілі арқылы адамгершілік және эстетикалық тәрбие беріп келе жатқан мәдени мекеме. Театр 80 жыл ішінде 300-ден астам спектакль қойып, жалпы саны 80 миллионға тарта көрермендерді қамтып, халыққа тәрбие беруде зор роль атқарды.

Қортып айтқанда, тартып айтқандағымыз осы, ресми түрде 80 жылдық тарихы бар, ал театр өнерінің дамуы, қалыптасуы ғасырдан асатындығын шатастырмауымыз керек. Қазақ театры сонау ауыз әдебиетінен бастау алатындығын ұмытпаған жөн. Театр өнері мәңгілік.

Мерей ҚАРТОВ,

Абай атындағы қазақ музыкалы драма театры Әдебиет бөлімінің меңгерушісі.

Семей.

http://abai.kz/post/view?id=2845

Подписаться на рассылку

Вы можете подписаться на рассылку театральных представлений


071405, Казахстан, область Абай
г. Семей, пл. Абая

Телефоны: 8 (7222) 56-34-68, 56-33-39, 56-16-33
Факс: 8 (7222) 56-32-14


Полезные ссылки:


Мы в социальных сетях:

Дизайн и разработка сайта SemStar