Талантты жас актриса онда Ф.Шиллердің «Зұлымдық пен махаббат» пьесасында Луиза бейнесін сомдап, ізденімпаз, талантты өнер иесі көптеген шығармашылық табыстарға жетеді. Ұлы Отан соғысы жылдарындағы қажырлы еңбегі лайықты бағаланып, 1945 жылы «Құрмет белгісі» орденімен марапатталып, 1947 жылы «Қазақ КСР-інің еңбек сіңірген артисі» атағы беріледі. Ел басына күн туған заманда өзінің өнерге адалдығының арқасында, еңсесі түскен жұрттың рухын оятады. Күләш Сырымбетқызы 1952 жылғы 19 қазаннан бастап, бүкіл қазақ театры өнерінің қарашаңырағы – Семейдегі Абай атындағы қазақ музыкалы-драма театрына ауысады. Қазақ театрының қарашаңырағы, кезінде талай театр тарланбоздары қызмет артқарған киелі өнер ордасында шығармашылық шабытын үстемелеген Күләш Сәкиева бірқатар өнер қызметкерлерімен бірге қызметтес болды, шығармашылық байланыста жүрді.
Сөз арасында айта кетейік, Семей театрының қасиетті қарашаңырағына алтын өзекті уық боп қадалған, күннен-күнге керегесін кеңейткен Мұхтар Әуезов, Жұмат Шанин, Ғалиақбар Төребаев, Иса Байзақов, Әміре Қашаубаев, Фатима Әшкеева, Құрманбек Жандарбеков, Сіләмбек Қыдыралин, Хасен Байырманов, Халекет Ешмұратов, Гүлсім Әбдірахманова, Нуридден Атаханов, Рахия Сүлейменова, Байділдә Қалтаев, Рабиға Есімжанова, Сейфолла Мұхамеджанов, Мұқан Бектенов, Рысбек Жәкенов, Нұрмағанбет Әбішев, Күләш Сәкиева, тағы басқа актерлер мен режиссерлердің қатарын өмірін өнерге бағыштаған Ә.Жаңбырбаев, Б.Имаханов, Ж.Сәкенова, М.Бұланов, Б.Жұманов, Е.Нұрбаева, М.Бәкенов, И.Жарболов,
Ә.Қожмұхамедов, Мақсұт Бақтияров, Б.Сыбанов, Ш.Бахтинова сынды таланттармен толығып, олар да өз кезегінде аға ұрпақ жолын зор ізденістермен жалғастырады. Небір кесек рөлдерді сомдаған есімдері елге әйгілі майталмандар боп танылады. Бекен Имаханов сомдаған «Абай», Әбілқасым Жаңбырбаев бейнелеген Сырым, Күләш Сәкиева ойнаған «Майра», Тұратай Иісова тірілткен «Қаракөз» шынайы шеберлік пен орасан зор еңбектің үлгісіндей болып театр жылнамасына алтын әріптермен жазылды. Өз ортасынан оқ бойып озып шығып, тың туындыларды, тарихи тұлғаларды Күләш апамыз ерекше сомдады.
К.Сәкиева Ә.Тәжібаевтың «Майра» спектакліндегі Майраның рөлін сомдап, қазақ халқының дарынды қызының тамаша образын жасады. Актрисаның бұл еңбегі де бағаланып, 1958 жылы оған Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесі Президиумының Жарлығымен «Қазақ КСР-інің халық артисі» деген жоғарғы атақ беріліп, екінші мәрте «Құрмет белгісі» орденімен марапатталады.
К.Сәкиева сахна төріне шыққан күннен бастап, жарты ғасырдан астам творчестволық өмірінде екі жүзге тарта рөлдер сомдады. Ол әр кейіпкерлерді бейнелеуде әр қырынан көрініп, көрермендердің есінде қалатын жарқын образдар жасады. Ол сомбаған Қыз Жібек, Баян, Еңлік, Ақтоқты, Майра, Любовь Яровая, Ана – Жер-ана, Жүзтайлақ образдар және басқа да кейіпкерлер образдары қазақ сахна өнерінің төрінен лайықты орын алып, Күләш Сәкиеваның аты Қазақ Совет энциклопедиясына жазылады.
Бірде Күләш Сырымбетқызы: «Өнер деген өте киелі нәрсе, оған ерекше құрмет керек, шынайылықты жоғалтпаған жөн. Мен бала кезімде бір ерекше түс көргенмін, түсімде маған қанат бітіп, зеңгір көкте самғап жүр екенмін.Қазір ойлап отырсам, сол түсім осы күндері орындалған екен. Құдай берген өнерімнің арқасында, халықтың арқасында өзімді биіктерде жүргендей сезінемін», – деп ішкі сырын тарқатып еді. Иә, Күләш Сәкиеваның түсі дәл келген екен, жастайынан жарқырап халық алдында жүрді, әлі күнге дейін театрдан қол үзген емес. Зайсандай тұнық жүрегінен, Тарбағатайдай өр мінезінен тайсалған емес.
К.Сәкиева сахнаның ғана саңлағы емес, сонымен қатар, асқақ дауысты әнші, әрі ән сөздерін де өзі жазатын ақындық өнері де бар. Ол кісінің репертуарында 60-тан астам ән бар, соның ішінде қазақтың халық әні «Ахау, арман», «Жетісу жерім-ай», «Ақсаусақ», «Қосжеңгей», «Жайна құрбым», «Жанай бұлбұл», т.б. көптеген әндері ел жүрегіне жол тапқан.
К.Сәкиева қоғам жұмыстарына да белсене араласты. 1955 жылы Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесіне депутаттыққа сайланып, 1971 жылы Қазақстан Компартиясының ХІІІ съезіне делегат болып қатысқан. 1980 жылдары Қазақ КСР-і Жоғарғы Кеңесінің грамоталарымен марапатталған. К.Сәкиева екі мәрте «Құрмет белгісі», «Парасат» ордендерінің, көптеген медальдардың иегері, Семей қаласы және Зайсан ауданының Құрметті азаматы.
Бүгінгі таңда Күләш апамыз елдің құрметті азаматшасы, еңбек демалысындағы қарт ана. Өнер үшін ғұмырын сарп етіп, әлі күнге дейін кейінгі жастарға үлгі-өнегесін көрсетіп келеді. Өзі қартайса да, жүрегі қартаймаған рух күші бойынан кетпеген абзал ана театрымыздың тұсбағдары іспеттес. Өнерді – өмірім деп, өмірді – өнерім деп түсінген Күләш апамыз барша қазақ өнерпаздарына үлгі деп ұғамыз. Халық қошеметіне бөленген тұлғамызға ұзақ ғұмыр, саналы өмір тілейміз.
Мерей ҚАРТОВ,
Семейдегі Абай атындағы
қазақ музыкалық-драма театрының
Әдебиет бөлімінің меңгерушісі.
071405, Казахстан, область Абай
г. Семей, пл. Абая
Телефоны: 8 (7222) 56-34-68, 56-33-39, 56-16-33
Факс: 8 (7222) 56-32-14